Кеңесте нарық субъектілеріне қатысты тергеу нәтижелері қаралып, үстемдік жағдайды теріс пайдаланудың бірқатар фактілері анықталды.
Атап айтқанда, «Севказэнергосбыт» ЖШС мен «Жезказганэнергосбыт» ЖШС-ға қатысты тергеу нәтижелері қаралды. Электр энергиясын бөлшек саудада өткізу қызметін көрсететін «Севказэнергосбыт» жеке тұлғаны электрмен жабдықтау шартын жасасу барысында заңда көзделмеген құжатты талап еткен. 2013 жылғы 18 наурыздағы Үкімет қаулысына сәйкес, электрмен жабдықтаудың үлгі шартының нысаны бекітіліп, соған сәйкес егер тұтынушы тұрмыстық тұтыну үшін энергияны пайдаланатын жеке тұлға болған жағдайда шарт тұтынушыны белгіленген тәртіпте қосылған желіге алғашқы нақты қосқан кезден бастап жасасқан болып саналады. Осыған орай, серіктестіктің электрмен жабдықтау шартын жасасу үшін заңда көзделмеген құжатты талап ету фактісі тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасаудан көрінетін үстем жағдайды теріс пайдалану ретінде қарастырылады. Ал «Жезказганэнергосбыт» серіктестігінің әрекеттерінде жүргізілген тергеу нәтижесі бойынша әртүрлі шарттарға әртүрлі баға қолдану фактілері анықталды.
Серіктестік заңды тұлғаларға электр энергиясын өткізу бағасын қосымша құн салығынсыз 16,19 теңге/кВтч көлемінде электр энергиясын өткізу бағасын келіскені әшкереленді. Яғни, кейбір кәсіпорындарға электр энергиясын белгіленгеннен төмен баға бойынша босатқан. Әртүрлі баға қолдану бойынша Серіктестіктің бұл әрекеті үстем жағдайды теріс пайдалану болып қарастырылады. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, сондай-ақ тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасауға әкелетін актілерді қабылдаудан көрінетін бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге байланысты Қарағанды облысы бойынша тергеуді бастау туралы шешім қабылданды.
«Қаралған тұлғаларға қатысты жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша монополияға қарсы ден қоюдың тиісті шаралары қабылданатын болады», делінген баспасөз баянында.