Электр энергиясына тарифті қалыптастыру үдерісі реттелетін болады - Энергетика министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда электр энергиясына тарифті қалыптастыру үдерісі реттелетін болады. Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелерімен кездесу барысында Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай мәлім етті.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, «Электр энергетикасы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге негізінен инвестициялық климатты жақсарту, саладағы нарық субъектілері арасында өзара байланыстың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Бұдан бөлек, жаңа заң жобасы электр энергетикасына бақылау мен қадағалауды жетілдіруді қарастырады.

«Заң жобасы аясында электр энергиясын беру бойынша тарифтерді белгілеуді жетілдіру абонеттік төлем енгізу арқылы жетілдірілмек. Сонымен қатар электр энергетикасы саласындағы заңнама саланың инвестициялық тартымдылығын толық көлемде ақтай алмай отыр. Сондықтан да алдағы уақытта бұл мәселені тиімді шешу үшін ұзақмерзімді инвестициялық келісімшарттар жасау қарастырылады, бұл ретте электр өндіретін нысандар үшін нақты міндеттемелер қамтылады», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында электр энергиясы нарығындағы өзара байланыстарды жүзеге асыру барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін нарықтық кеңес құру көзделеді.

Тұтастай алғанда, сатылы дамуға сәйкес, 2030 жылға қарай электр энергиясын тұтыну жылына 130 млрд кВт/сағатты құрайды.