Электр энергиясына түнгі тарифті қайта енгізу қажет - Сансызбай Есілов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада электр энергиясына арналған түнгі тарифті қайта енгізу қажет. Бұл туралы бүгін Астана қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана қаласының қоршаған ортасын сауықтыру: Іс-қимыл стратегиясы мен жоспарын әзірлеу» тақырыбында сөз сөйлеген ол елорданың Жылу электр стансасымен қатар қаланың ортасында да жеке тұрғын үйлердің пешінен шығатын түтін қала ауасын ластап отыр.

«Меніңше, бұл проблеманы кешеуілдетпей шешу қажет. Оның бірнеше әдісі бар. Кезінде электр энергиясына сараланған тариф, яғни түнгі тариф енгізген едік. Сол кезде көптеген котедждің иелері түнгі уақытта электр энергиясын пайдаланатын. Ал қазір күні-түні көмір жағып отыр. Үкімет себебін түсіндірместен сараланған түнгі тарифтен бас тартты. Ал кезінде осы тарифті енгізген кезде мұны электр энергиясын өндірушілер үшін де, халық үшін де жақсы әрі тиімді боларын айтқан еді. Аталған түнгі тарифті қайтарып, проблеманы біршама шешуге болады», - деді ол.

Оның айтуынша,  автокөлік құралдарын сұйытылған газға көшіру де елорда экологиясын біршама жақсарта түсуге септігін тигізеді.

«Қала әкімдігі бірнеше жылдың ішінде қоғамдық көлікті жаңартты. Коммуналдық көліктердің барлығы дерлік сұйытылған газға көшті. Алайда өткен жылдың қазан айында Энергетика министрлігі 2018 жылдан бастап Қазақстанда сұйытылған табиғи газ бағасының өсетіндігін айтты. Министрдің мұндай ақпаратын естіген бизнес өкілдері табиғи газды қолданыстағы қоймаларға жинап, жасанды түрде тапшылық туындатып, баға көтеріліп шыға келді. Бүгінде жеке сектор үшін сұйытылған газдың 1 келісі 130 теңге жетіп отыр. Ешкім бұл проблеманы шешпеді, реттеген де жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар кеңес төрағасы кезінде Қарағанды мен Ақмола облыстарын газдандыру туралы Президенті Жарлығы жарық көргенін еске салып өтті.

«Бүгінде бұл Жарлық ұмыт болған. Қызылорда облысынан газ құбырын тарту құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі ғана жасалып, одан ары қозғалмай тұр», - деді Сансызбай Есілов.