Электр энергиясының көтерме нарығына бірыңғай сатып алушы моделі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрлігі электр энергиясының көтерме нарығында бірыңғай сатып алушының моделін енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жұмыс аясында электронды сауда алаңында электр қуатын орталықтандырылған сатып алу мен сатуды көздейтін нарықтың жаңа нысаналы моделіне көшу жоспарлануда», - деді Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату моделі алыпсатарлық операцияларды болдырмауға, электр энергиясын өндіру-тұтынудың тәуліктік кестесіне қажетті көлеммен қамтамасыз етуге, генерациялау мен жабдықтау секторларында бәсеке жасауға мүмкіндік береді.

«Энергетика министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде «Электр энергетикасы туралы» заңға тиісті түзетулер дайындады», - деп толықтырды Үкімет басшысы.