Электр қуаты тапшылығынан маңызды жобалар іске аспай отыр – Азат Перуашев

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыруға 8 гигаватт электр қуаты жетпей отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтып берді. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Ақжол» партиясы – отандық өндірушілердің партиясы ретінде осы электр қуаты тапшылығын өз көзімізбен көріп отырмыз. Инвестициялық жобалар бойынша айтсақ, жариялаған жобалардың біразы тиісті техникалық жағдай болмағандықтан іске асырылмай отыр. Партиямыздың отырысына Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті шақырдық, ол кісінің айтуынша, инвестициялық жобаларға қазір 8 гигаватт электр қуаты жетпей отыр», - деді А. Перуашев елордада мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форум кулуарында. 

Оның айтуынша, инвестициялық жоба дегеніміз – жаңа технологиялар, бюджетке түсетін табыс, жаңа жұмыс орындарын ашу. 

«Сондықтан қосымша генерацияның қосылуы экономикаға үлкен серпін беретін еді, біз бұл бастаманы қолдаймыз. АЭС-ке қарсы шығып жатқандар «қолымыздан келмейді», «оны еуропалықтар істеуі керек» дейді. Бұл өз ұлтына сенімсіздік. Мен онымен ешқашан келісе алмаймын. Қазақ халқы тек қана мал бағатын халық емес. Біздің қолымыздан технология да, білім де, жауапкершілік те келеді. Өз елімізге сенуіміз керек», - деді А. Перуашев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында АЭС құрылысы туралы жалпыұлттық референдум жөнінде пікір білдірген еді.