Электр стансаларында көмірмен проблема жоқ - Энергетика министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылу беру маусымы кестеге сәйкес, штаттық тәртіпте жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде барлық ірі электр стансалары мен қазандықтарда 3,5 миллион тоннадан астам көмір жиналды. Бұл нысандардың жартысы көмірмен және қалғаны газбен жұмыс істейді. Сондықтан көмір жағынан ешқандай проблема жоқ. Барлығы толық көлемде қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 10 тәуліктік және 20 тәуліктік екі норматив бар, осы орайда электр стансалары осы деңгейде жұмыстарын атқаруда», -деп түсіндірді комитет басшысы.

Сонымен қатар С. Есімханов газбен қамтамасыз етуде де тиісті шаралар лайықты дәрежеде жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Өз кезегінде ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев 2017 жылы компаниялар 106,7 млн тонна көмір (көмір концентратын есептемегенде) өндіргенін атап өтті. Бұл көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 8,3 пайызға өсті. Сонымен қатар Қазақстанның энергия өндіретін компанияларына арнап 56,3 млн тонна көмір тиеліп, оның деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 7,1 млн тоннаға артық болды.

Мұнымен қоса, өткен жылы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халықтың сұранасын қамтамасыз етуге 12,5 млн тонна көмір бағытталды. Бұл өз кезегінде 2016 жылғы көрсеткіштен 18 пайызға көбірек.

«Былтыр экспортқа 29,3 тонна көмір шығарылып, оның деңгейі 2016 жылға қарағанда 3,1 млн тоннаға артық болып отыр», - деп нақтылады вице-министр.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылғы жоспар бойынша көмір өндіру көлемі 107 млн тоннаға жеткізілмек.