Газ үшін төлемдердің уақытылы түспеуі, сөзсіз, QazaqGaz компаниясының қаржылық жағдайына әсер етеді. Себебі компания үшін газды сату тиімсіз болып отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында газ трейдингі 119,5 млрд теңге көлемінде шығын әкелген.
Газ трейдингінен болған шығын логистика және газ транзиті бағыттарынан түсетін кіріс есебінен өтеліп отыр. Аталған бағыттар 2026 жылдың алғашқы алты айында 162 млрд теңге таза пайда әкелген.
QazaqGaz-дың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы шоғырландырылған таза пайдасы 42 млрд теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 62%-ға төмен.
Компанияның шығынының негізгі себебі — газды сатып алу құнының 31%-ға өсуі. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 436,1 млрд теңгеден 570,5 млрд теңгеге дейін артқан. Бұған ТШО мен «ҚазРосГаз» тарапынан жеткізілім көлемінің қысқаруына байланысты Ресей газын импорттау көлемінің ұлғаюы себеп болған.
Тауарлық газдың көтерме бағасы жыл сайын орта есеппен 33%-ға өсіп отырғанына қарамастан, бұл әзірге газ трейдингі бағытын табысты деңгейге шығара алмай отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда көгілдір отынға қол жеткізген халықтың үлесі жыл сайын артып келеді. Қазір ел тұрғындарының 64 пайызы табиғи газ тұтынады.