Электромобильді көліктердің саны 2020 жылға қарай 1 миллионға жетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияда 2020 жылға қарай электр көліктерінің саны 1 миллионға жетуі мүмкін, деп хабарлады www.24.kz.

Неміс үкіметі 5 жылдан кейін мұндай мүмкіндікке жеңілдіктердің арқасында ие боламыз деп отыр. Енді экологиялық жағынан тиімді темір тұлпарларды иелері тұрақтарға тегін қоя алады әрі қоғамдық көлік жолымен ақысыз жүруге рұқсат берілді. Бундестаг осындай заң жобасын қабылдады. Ал неміс азаматтарының өздері елдегі елеулі өзгеріске дайын ба? 33 жастағы Александр Истомин тәжірибелі жүргізуші. Ол осы уақытқа дейін әлемдік маркадағы көптеген темір тұлпарды тізгіндеп көрген. Бірақ 2 жылдан бері мына қарапайым көлікті тақымына басып жүр. Іскер жігіт жер талғамайтын Джипін қазіргі электрокарға қуана-қуана ауыстырды. Бәрінен бұрын шағын көлемі мен шығыны аздығы қызықтырыпты.

«Электромобиль ұнайды. Туыстарым шағын көлігімді көріп қатты таңырқады. Бірақ ол өте ыңғайлы және тиімді жағы көп. Салық төлеудің қажеті жоқ. Демалыста қаланы қыдырып ұзақ жүремін. Бұрын мұндайға шығын көп кететін. Ал арнайы қуаттандырғыш бекеттері кеңсемнің қасында», - дейді кәсіпкер Александр Истомин.

Электрокарды үйдегі 220 вольттық тоқпен қуаттауға да болады. Аккумулятор толық болса, 150 шақырымды ойланбай жүресіз. Экологияға зияны жоқ, үнемді әрі жылдам. Тағы бір артықшылығы - майын ауыстырып әуре болмайсыз. Бағасы қымбат болғанымен Германияда мұндай көліктердің саны жыл сайын артып келеді. 2011 жылы олардың саны 2307 болса, 1 жылдан соң 2 есеге көбейген. Алдыңғы жылы 7 мың 114-ке жетіп, былтыр 24 мың электр көлігі тіркелген. БМВ автоконцерні сұраныс биыл да жоғары болады деп отыр. «Экомодельді көліктерді алу кезегі жарты жылға дейін бос емес», - дейді.