Электромобиль иелеріне тегін автотұрақ ұсынылуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Норвегияның электромобиль иелеріне тегін тұрақ ұсыну жобасы Қазақстанда да жүзеге асуы мүмкін. Бұл туралы Jasyl Jol электромобильдер шеруінің идея авторы Әділбек Бәсекеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының аппарат басшысы Әділбек Бәсекеевтің айтуынша, елдегі электромобильдердің жалпы көлік қатынасындағы үлесі 1 пайызға да жетпейтін көрінеді. Ал JAK маркасымен отандық электромобиль құрастыратын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің өніміне деген сұраныс соңғы бір жылда қайта түсіп кеткен.

«Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін Норвегияның тәжірибесін қолдануға болады. Ол елде көліктердің 80 пайызы электрмен жүреді. Соған қарамастан, электромобиль тізгіндеген жүргізушілерге барлық тұрақтар тегін қызмет көрсетеді. Тіпті кей қалаларда электромобильдерге ғана арналған жолақтар қарастырылған. Мұндай жобаны біздегі жасыл экономиканы қолдаушы ұйымдар Парламентке ұсынып жатыр. Әзірге оңды шешім шықпағанымен, тыңғылықты жұмыс жүріп жатыр», - дейді ол.

Ал аталмыш орталық басшысының орынбасары Гаухар Байсеева электромобильді қуаттау бекеттерін орнату бойынша «ҚазМұнайГаз» басшылығымен нақты келісімдер жасалғанын айтады.

«Әзірге жанармай құю стансаларын мұндай іске міндеттеу мүмкін емес. Бәрі сұранысқа байланысты. Бизнес тек сұранысқа ғана бағынады. Алайда, «Гелиос» жанармай құю желісі біздің бастамамызға қызығушылық танытып отыр», - дейді ол.