Электромобильді сымсыз зарядтайтын құрылғы жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай мен Ұлыбритания ғалымдары электромобильдерге арналған сымсыз зарядтау жүйесін ойлап тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua -ға сілтеме жасап.

Фото: Xinhua

Қытай мен Ұлыбритания ғалымдары жаңа энергия көздерімен жүретін көліктерге арналған тиімділігі 98,51% болатын сымсыз зарядтау жүйесін әзірледі.

20 кВт қуатқа ие құрылғы нанокристалды қорытпалар негізінде жасалған. Жобаға Дунгуань материалтану және технологиялар институтының, Қытай Ғылым академиясы Физика институтының, Гонконг қалалық университетінің және Кембридж университетінің мамандары қатысты.

Ғалымдар жасаған магниттік жолақтың ұзындығы 440 мм, ені 330 мм, қалыңдығы 4 мм. Бұл дәстүрлі ферритті шешімдерден екі есе жұқа. Сонымен қатар ол меншікті қуаты жоғары энергияны бере алады.

Энергияны жанаспайтын индукциялық жолмен беру зарядтау процесін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл технология жүргізушісіз көліктерді жаппай коммерциялық қолданысқа енгізудің негізгі шарттарының бірі болмақ.

Электромобильдерден бөлек, жүйені теміржол көлігінде, өнеркәсіптік роботтарда және ұшқышсыз авиацияда қолдану жоспарланып отыр.

Қазір Дунгуань материалтану және технологиялар институты әзірлемені коммерцияландырумен және өндірісте енгізумен айналысып жатыр. Инженерлер жүйенің тиімділігі мен техникалық сипаттамаларын одан әрі жақсартуды да жоспарлап отыр.

Бұған дейін Қытайда электромобильдерге арналған қуаттау құрылғыларының саны 23,68 миллионға жеткені хабарланған еді.