Электромобильдер мен гибридтер: елде қай брендтерге сұраныс артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда электромобильді сатып алу қарқыны артты. Бұл туралы Қазақстанның автокөлік одағы (ҚАО) мәлім етті.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- 2026 жылғы қаңтар-тамызда ресми дилерлер NEV (New Energy Vehicles) сегментіндегі 6 003 жеңіл автокөлік сатты. Бұл былтырғы осы кезеңдегіден (1 953 көлік) 207,4 пайызға артық, - делінген ҚАО мәліметінде

Негізгі сауда көлемін қуатталатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қуаты еселенген автокөліктер (EREV) құраған, яғни 4 351 автокөлік немесе жалпы NEV сегментінің 72,5 пайызы. Бұл сегменттегі электромобильдер есептік кезеңде төрт еседен аса өсім көрсеткен (1 008-ден 4 351-ге дейін). Толықтай электрлі автокөліктердің (BEV) саудасы 2025 жылғы сегіз аймен салыстырғанда 74,8 пайызға артты (945-тен 1 652-ге дейін).

- Сегіз айда Қазақстанда NEV сегментіндегі автокөлік саудасы алты мыңнан асты. Сатып алушылар көбіне күнделікті сапарға жарайтын электромобильдерді қарайды, бірақ алыс жолға шыққанда көлік құралын тиімді пайдалану жағын да ескереді. Сондықтан көбі қазір қуатталатын гибридтер мен жүріс қуаты ұлғайған модельдерге сұраныс артты, - деді ҚАО президенті Анар Мақашева.

NEV нарығының көшбасшысы ретінде BYD көліктері алға шықты. Сегіз айда дилерлер брендтің 3 208 автокөлігін сатқан. 2026 жылдың тамызында BYD алғаш рет елдегі ең көп өтетін ТОП-10 тізіміне кірді. Екінші орынды Geely Galaxy – (1 244 көлік), үшінші орынды Li (888 көлік) алды. Бестікке тағы Zeekr (214 көлік) мен ROX (131 көлік) енді.

Қазақстанда сұранысы артқан көліктер:

- Geely Galaxy EX5 EM-i - 1 205 автокөлік;

- BYD Song Plus DM-i - 1 196;

- BYD Song Plus EV – 576;

- BYD Chazor – 572;

- BYD Yuan Up - 555;

- Li L6 – 504;

- Li L7 – 257;

- BYD Sealion 7 – 137;

- ROX 01 – 131;

- Li L9 - 126 көлік.

- Сонымен қатар сегіз айда ресми дилерлер классикалық гибридті (HEV) 1 284 автокөлік өткізген. Бір жыл бұрын осындай 1 209 көлік сатылған. Көшбасшы – Toyota (1 208 көлік), одан кейін Lexus (63) пен Porsche (13) орналасты, - делінген ҚАО ақпаратында.

PHEV (Plug-in Hybrid Electric Vehicle) – бензин қозғалтқышы бар және батареяны станциядан қуаттау мүмкіндігі бар электрлі моторлы гибрид автокөлік.

EREV (Electric Range Extended Vehicle) – дөңгелекті электрлі мотор айналдырады, ал бензинді қозғалтқыш батареяны қуаттайтын генератор қызметін атқарады.

BEV (Battery Electric Vehicle) – тек аккумуляторлы батареяның энергиясымен жүретін көлік.

HEV (Hybrid Electric Vehicle) – әдеттегі бензинді немесе дизельді қозғалқышы мен шағын батареялы электрлі моторы біріктірілген классикалық гибрид автокөлік.

Электромобильдердің әлемдегі үлесі артып келеді

Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 24 634 жеңіл электромобиль тіркелген. 

Ең көп электромобиль Алматы қаласында тіркелген. Осы қала үлесіне елдегі барлық электромобильдердің 62 пайызы тиесілі. Саны бойынша көшбасшы өңірлер үштігіне сондай-ақ Астана қаласы мен Алматы облысы кірді.

Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) болжамынша, әлемдік электромобильдердің сатылымы 2026 жылы қайтадан өсіп, 23 млн-ға жетеді және бүкіл әлемде сатылатын барлық көліктің шамамен 30%-ы.

Әлемдегі импортталған электромобильдердің жартысынан көбі Қытайдан келеді. Қытай электромобильдер өндірісінің әлемдегі ең ірі орталығы болып қалып отыр. Оның үлесі – былтыр әлем бойынша өндірілген 22 млн электромобильдің шамамен төрттен үш бөлігі. Өндіріс ішкі сұраныстан асып түскендіктен, Қытайдың электромобильдер экспорты екі есе артып, рекордтық көрсеткіш — 2,5 млн-нан астам көлікке жетті. Қытай, Еуропа және АҚШ сияқты үш ірі электромобиль нарығынан тыс әлемнің қалған бөлігінде сатылатын электромобильдердің 55%-ы Қытайдан импортталып отыр.

Еске салсақ, биыл шілде айында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда BYD маркалы электромобиль өндірісін іске қосу жобасын жеделдетуді тапсырды. 

Айта кетейік, елде 1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау станциялары міндетті тексеруден өтеді.