Электронды білезікті үзген қызылордалық жазасын түрмеде өтейді

Фото: kabar.kg

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада пробация есебіндегі сотталған электронды бақылау құрылғысын масаң күйде үзіп тастаған. Бұл туралы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ол қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелген. Пробациялық бақылауға алынып, электронды білезік тағылған. Алайда, сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған. Пробация қызметкерлерінің төрт рет берген ескертуін де елемеген.

— Сотталған тұрғын бас бостандығын шектеу жазасын өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған. Мұнымен тоқтамай, масаң күйде электронды құрылғысын өздігінен үзіп тастаған. Ақыр соңында іс құжаттары сотқа жолданды. Сот қаулысымен жазасының өтелмеген 1 жыл 8 айын темір тордың арғы жағында өтейтін болды, — деді Қызылорда қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары, әділет майоры Гүлнұр Байсариева.

Жыл басынан бері жаза өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған 18 сотталған қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне жіберілді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінде Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 60 мекемеде сот үкімі бойынша бостандығынан айырылғандарды 13 кәсіпорын жұмыспен қамтып отыр.