— Әділ Орынбасарұлы, осы құжаттағы жаңа нормаларға тоқталсаңыз…
— Заң жобасы аясында электронды сауданы реттеуге және шетелдік интернет- платформаларда сатып алынатын тауарлардың тасымалын тәртіпке келтіруге бағытталған бірқатар жүйелі өзгеріс ұсынылған. Біріншіден, халықаралық пошта арқылы үшінші елдерден шетелдік интернет-платформалармен жеке тұлғалардың атына жіберілген тауарларды жеке санатқа жатқызу ескерілген, яғни электронды сауда тауарлары деп белгіленбек. Екіншіден, «электрондық сауда операторы» ұғымы енгізіледі. Үшіншіден, кедендік декларацияның жаңа түрі — электронды сауда декларациясын енгізу қарастырылған.
Электронды сауда тауарларының бүкіл көлемін декларациялау шетелдік интернет платформаларда сатып алынатын тауарлардың толық статистикасын жасауға және осы санаттағы тауарлар бойынша әкімшілендіру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылы елімізге жалпы құны 286 млрд теңгеден астам 26,2 млн сәлемдеме жеткізіліп, бюджетке шамамен 2,8 млрд теңге кедендік төлем мен салық аударылған. Бұл 1 пайыздан аз сомаео.
2026 жылдың алғашқы бес айында 131 млрд теңгеден астам сомаға 11,2 млн-нан астам сәлемдеме әкелініп, бюджет кірісі 1,1 млрд теңгеден асты.
— Электронды сауданы реттеу үшін қандай өзгерістер ұсынылды?
— Заң жобасында ұсынылған өзгерістер электронды сауданы құқықтық реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы сатып алынған тауарларды өткізу тәртібін жетілдіруге бағытталған. Бұл құжат интернет-дүкендер мен маркетплейстер арқылы сатып алынған тауарларға қатысты декларациялау, сақтау, шығару және кедендік бажды төлеу ерекшеліктерін айқындайды.
— Бүгінде электронды сауда нарығының ауқымы кеңейіп келеді. Сондай-ақ бұл салада өнім сапасына қатысты проблема бар. Құжатта осы бойынша қандай тетіктер ескерілген?
— Заң жобасында бастапқыда көрсетілген сипаттамасына сәйкес келмесе, тауарларды қайтаруға мүмкіндік беретін нормалар енгізілген. Бұл азаматтарымыздың мүдделерін қорғауды жақсартуға бағытталған. Осы орайда 392-6-бапта «Жеке тұлғаларға өткізуге арналған электронды сауда тауарларына қатысты кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу ерекшеліктері» атты норма бар.
Егер тауарды сату кезінде электронды сауда платформаларында затты қайтару мүмкіндігі қарастырылса, электронды сауда операторы мұндай тауарларды қайтару мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Осы тауарлар қайтару құжаттары рәсімделгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде арнайы белгіленген орындарға немесе сақтау нысандарында орналастырылуы керек.
Сондай-ақ заң жобасында электронды сауда операторларына қойылатын талаптар күшейтіледі. Атап айтқанда, тауарлар мен оларды алушылар туралы электронды құжаттар мен ақпараттың берілуін қамтамасыз ететін, яғни кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасау бойынша цифрлық жүйенің міндетті түрде болуы талап етіледі.
— Электронды саудадағы өнімдерді қалай саралауға болады?
— Қарастырылған өзгеріс аясында электронды сауда тауарларын электронды саудадағы оператор немесе тауарды алушы декларациялайды, яғни өзіңіздің таңдауыңыз бойынша жасалады. Тауарларды саралау Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, электронды сауда тауарларын саралау ережесі ЕАЭО аясында қолданылатын тауарларды жіктеудің жалпы тәртібінен ерекшеленбейді. Тауар коды оның сипаттамаларына, құрамына қарай анықталады, бұл өз кезегінде кедендік реттеу мен кедендік бажды есептеудің біркелкі тәсілін қамтамасыз етеді.
— Электронды сауда операторы бөлігінде бұл құжатта қандай жаңалықтар қарастырылған?
— Электронды сауда операторы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы ретінде айқындалады. Заңды тұлға электронды сауда операторларының тізіліміне енгізілгеннен кейін, сауда операторы ретінде танылады. Электронды сауда операторы логистиканы, интернет-платформалармен және кеден органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады, сондай-ақ электронды сауда тауарларына қатысты кедендік декларациялау және тауарды сақтау процестерін сүйемелдейді. Тізілімге енгізілгеннен кейін, оператор декларанттар атынан кедендік операцияларды жүргізу құқығына ие болады. 528-2-бапта мұндай операторларға қойылатын талаптар ескерелген. Оның ішінде бейнебақылау жүйелері, сақтау және тексеру жабдығы бар қойма инфрақұрылымының болуы, кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасаудың цифрлық жүйелерінің қамтамасыз етілуі, жауапкершілікті сақтандыру қарастырылған.
— Бұл заң жобасын қабылдау қандай нәтиже беруі мүмкін?
— Заң жобасын қабылдау бюджетке кедендік төлемдер мен салықтан қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді, яғни бұл бағытта электронды сауда тауарлары толықтай есепке алынады.
Мұнымен қоса, құжат аясында республикалық бюджеттен қаржы ресурстарын бөл талап етілмейді және теріс экономикалық, әлеуметтік, құқықтық әрі экологиялық салдарға әкеп соқпайды.
Жалпы, заң жобасы электронды сауда саласында заманауи құқықтық базаны құруға, цифрлық экономиканы дамытуға, кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға және онлайн сатып процесіндегі қарапайым адамдардың мүддесін барынша қорғауға бағытталған.