Электронды сауда нарығы: маркетплейстерде қай тауарлар көп өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы электронды сауданың үлесі қандай? 2024 жылы бұл көрсеткіш қаншалықты өсті? Сауда және интеграция министрлігінен алынған мәліметтерді ұсынамыз.
2024 жылы елеулі өсім болды
Атап айтқанда, электронды сауданың ресми статистикасын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүргізеді. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электронды сауданың үлесі 2023 жылы (маркетплейстерді қоса алғанда) 12,7% болды (+0,2 б.б. өсті), оның ішінде маркетплейстер үлесі - 79,7%.
- Жалпы алғанда, электронды сауда нарығы серпінді дамып келеді және 2024 жылдың соңына қарай маркетплейстерден жиналған жедел деректерге сәйкес, электронды сауда көлемі шамамен 3 трлн теңге, өсу +33 пайыз шамасында байқалды (+ 0,8 трлн теңге) және электронды сауданың үлесі 14% шамасында, - делінген министрлік мәліметінде.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы ішкі нарықтағы бөлшек сауданың жалпы көлемінде маркетплейстерді ескергендегі электрондық сауданың үлесі 14,1% болды. Нарық көлемі - 3 156,4 млрд теңге, оның ішінде электронды коммерция платформасы (маркетплейс) арқылы бөлшек сауда айналымы - 2 679,8 млрд теңге (84,9%), тауарларды меншікті интернет-ресурсы арқылы өткізуді жүзеге асыратын бөлшек сауда кәсіпорындарында 476,5 млрд теңге (15,1%) болды.
Былтыр маркетплейстер арқылы тауарларды бөлшек саудада өткізудің жалпы көлемінің үлесі келесідей:
- телефондар мен гаджеттер – 27,4%
- тұрмыстық техника – 13,3%
- киім, аяқ киім, спорттық тауарлар – 10,3%
- компьютерлер, ноутбуктер, бағдарламалық жасақтама, компьютерлік тауарлар - 5,7%.
Ал маркетплейстер арқылы көрсетілген қызметтер көлеміндегі үлесі:
- жүк тасымалдау қызметтері – 29,5%
- жолаушыларды тасымалдау бойынша қызметтер – 29,4%
- көлік орындарын брондау қызметтері – 25%.
Маркетплейстерде бөлшек тауарлар үшін орташа чек – 17 572 теңге болды, көрсетілген қызметтер үшін – 3 274 теңге.
Сонымен қатар, бөлшек саудада меншікті интернет-ресурс арқылы өткізу бойынша ең көп үлесті косметика мен парфюмерия (22,4%), тұрмыстық техника (13,4%), дәріхана (11,8%), телефондар мен гаджеттер (10,1%), бұйым (8,7%) және азық-түлік өнімдері (8,3%) алды. Ал көрсетілген қызметтер көлеміндегі ең үлкен үлес – билеттер және көлік орындарын брондау – 30,5%, жолаушыларды тасымалдау бойынша қызметтер – 23,9%, басқа топтамаларға кірмейтін өзге де қызметтерге (18,6%) тиесілі болды.
2024 жылы меншікте интернет-ресурс арқылы бөлшек тауарлар үшін орташа чек - 39 179 теңге, көрсетілген қызметтер үшін - 15 243 теңге болды.
Маркетплейстерге шағымдар жиілегені рас па?
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараты бойынша 2024 жылы түскен жалпы шағымдар ішінде электронды саудаға қатыстысы - 23 пайызға жуық. Тұтынушылар тауар мен сатушы туралы ақпараттың жоқтығына, ұсынылған тауардың сипаттамасының сәйкес келмеуіне, тауарды және ақшаны қайтаруға қатысты мәселелерге шағымданған.
- Ал шағымдардың 58 пайыздан астамы әлеуметтік желілерде (Instagram, WhatsApp, Facebook, Telegram және басқалар) онлайн сауда жасауға қатысты. Бұлардың электронды сауда алаңдарына (маркетплейстерге) тікелей қатысы жоқ. Қазіргі кезде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті осы мәселелер бойынша жедел өзара іс-қимыл арналарын құрды (электронды пошта, WhatsApp чаттары арқылы). Сондай-ақ, қазір министрлік электронды сауда саласында бірнеше бағытта жұмыс атқарып жатыр, солардың бірі – заңнаманы жетілдіру, - делінген Сауда министрлігі мәліметінде.
Сонымен қатар, халықаралық маркетплейстер бойынша Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, жаңа Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізу жоспарланған. Бұл тұрғыда шетелдік компаниялар тарапынан электронды сауда жүзеге асырылған кезде, салық бойынша міндеттемелерді орындау, тіркеу және салық төлемдерін жүзеге асыру мәселелерін қамтамасыз ету ескерілген. Салыққа қатысты міндеттемелер орындалмаған жағдайда, интернет-ресурсқа шектеу қою туралы шешім қабылданып, байланыс саласындағы уәкілетті органға жолданады.
- Министрлік Қазақстанда электронды коммерцияның тұтас экожүйесін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырады. Қазіргі кезде 2027 жылға дейінгі электрондық сауданы дамыту жоспары аясында электронды сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мәселелері пысықталып жатыр. Мұнымен қоса, логистикалық инфрақұрылым мен төлем жүйелерін дамыту, электронды саудада кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын енгізу, электронды сауда тауарларының импорты мен экспорты мәселелері, отандық тауарларды экспортқа жылжыту үшін халықаралық онлайн сауда платформаларымен өзара іс-қимыл жасау және басқа да мәселелер қамтылған, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Маркетплейстер қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттеледі
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 25-бабына сәйкес, тауарды электронды сауда арқылы сату кезінде тауардың атауы, құны және сатып алу шарттары туралы ақпарат, сондай-ақ тауардың негізгі сипаттамасы туралы мәліметтер тұтынушыға ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
Бұл тұрғыда маркетплейс өкілдерінің берген ақпаратына сәйкес, қазіргі кезде өз платформаларын мемлекеттік тілге аудару бойынша жұмыстарды іске асырып жатыр.
Осыған дейін туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда маркетплейстер мен сатушылар қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттелетінін айтқан еді.
- Адамдар нақты әрі сенімді ақпарат алуы қажет. Осы орайда біз тілге қатысты конституциялық ұстаным мен заң талаптарын орындау мәселесіне ерекше назар аударамыз. Бұл өз кезегінде маркетплейстерге де және басқа да қызметтерге де қатысты», - деді министр.
Еске салсақ, жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп екенін айтқан еді.