Аталған заң 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа жеке тұлғаларға сатуға арналған электронды сауда тауарларын реттеуге қатысты өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттамаларға сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.
- Осы құжат аясында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы электрондық сауда тауарларын өткізу тәртібі мен шарттарының өзіндік ерекшеліктері нақты белгіленеді. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде «электрондық сауда операторы» деген жаңа ұғым енгізіліп отыр. Бұл ретте жаңа заңнамалық түзетулер электронды сауда операторларының арнайы тізіліміне енгізу шарттары мен тәртібін айқындап, олардың негізгі міндеттері мен құқықтық жауапкершілігін шегелеп береді, - деді сенатор Бекбол Орынбасаров.
Сонымен бірге кедендік рәсімдеу үдерісін заманауи талаптарға сай бейімдеу мақсатында кедендік декларацияның мүлдем жаңа түрі, яғни электронды сауда декларациясы қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте, жеке адамдарға сатуға арналған электронды сауда тауарларына қатысты кеден қоймасының кедендік рәсімін қолданудың да өзіндік ерекшеліктері толықтай реттеледі.
- Бұл отырған заң шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынатын тауарлардың толық әрі нақты статистикасын қалыптастыруға және кедендік әкімшілендіру сапасын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді. Бұдан басқа, электронды сауда операторының тауарларды декларациялау бөлігінде халық үшін кедендік рәсімдерді барынша жеңілдетуіне мүмкіндік туады. Бұл қадамдар электронды сауда тауарлары импортының толық, анық статистикасы мен құрылымын қалыптастыруды қамтамасыз етіп, жалпы отандық нарықтың ашықтығы мен айқындығын арттыруға тікелей ықпал етеді, - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін электрондық сауда операторы ұғымы енгізілетінін жазған едік.