Электрондық еңбек биржасы: Елімізге 60 мың маман қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Электрондық еңбек биржасында 60 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің маманы мәлімдеді.
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі 2018 жылдың қаңтар айынан бастап электрондық еңбек биржасын әзірлеп, пайдалануға берді. Бұл порталдың мақсаты – азаматтарды жұмысқа орналастыру және жұмыс берушілерге қолдау көрсету. Электрондық еңбек биржасы – еліміздегі ең басты цифрлық алаң. Бізге жыл сайын 800 мыңнан астам жұмыс орындары мен түйіндемелер орналастырылады. Және жыл сайын 400 мың адам осы портал арқылы жұмыс табады. Осы портал жұмысын бастағалы бері 3 млн адамды жұмысқа орналастырды. Оның ішінде 2 млн адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған 1 миллионы уақытша жұмысқа тұрды. Дәл қазіргі таңда бұл платформада 59 мыңдай бос жұмыс орындары бар, – дейді Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Жанар Мұсабекова.
Десе де, мұндай бос жұмыс орындарына кез келген адам орналаса алмайды. Қазақстан Республикасының азаматтарын ел аумағында жұмысқа орналастыру талаптары Еңбек кодексімен реттеледі. Студияда қонақ болған Балалардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы дәл осы шарттарды түсіндірді.
– Бұл кодекске сәйкес, еңбек шарты 16 жастан бастап жасалады. Тағы айтып кететін жағдай: егер кәмелетке толмаған, бірақ жалпы орта білімді аяқтаған бала болса – 15 жастан бастап; егер денсаулығына ешқандай зиян келтірмейтін жұмыс болса – 14 жастан бастап еңбек шарты жасалады. Сонымен қатар, цирк, театр, кино ұйымдарында 14 жасқа дейінгі балалар да жұмыс істей алады. Бірақ ол баланың заңды өкілі міндетті түрде еңбек шартымен танысып, қол қойып, баласының жұмыс барысын бақылауға міндетті, – дейді Альбина Залмұқанова.
Маман кәмелет жасқа толмаған балалардың заңға сәйкес еңбек ету талаптарына тоқталды.
– Біздің еліміздің заңнамасына сәйкес, 14–16 жас аралығындағы балаларға аптасына 24 сағаттан аспайтын көлемде жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Және денсаулығына зиян, өміріне қауіп төндіретін ауыр жұмыстарға балаларды тартуға қатаң тыйым салынады. Баланың өмірі мен қауіпсіздігіне ең бірінші жауапты – оның ата-анасы. Ата-аналар балаларының қанша сағат, қандай жұмыс істеп жатқанын бақылауға алу керек, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің қызметкері.
Айта кетейік, бұған дейін «Бүгін LIVE» бағдарламасында заңгер кәсіпкерлердің жұмысшыларды тегін тәжірибеден өткізуі заңсыз деген пікір білдірген еді.