Электрондық сауда операторы ұғымы енгізіледі

АСТАНА.KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Құжат электронды сауданы реттеуге және шетелдік интернет-платформаларда сатып алынған тауарларды тасымалдау тәртібін жетілдіруге бағытталған.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин аталған заң жобасы жөнінде баяндама жасап, нақты өзгерістерді мәлімдеді.

– Бірінші, халықаралық пошта арқылы шет елдік интернет-платформалардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарларды бөлек санатқа – электрондық сауда тауарларына бөлу; Екінші, «электрондық сауда операторы» ұғымын енгізу; Үшінші, электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясын енгізу қарастырылған, – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда шет елдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Сонымен бірге, еркін кіргізу нормасынан асқан жағдайда декларацияланады.

Тауарлардың электрондық саудаға жататын түрлері жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін ғана арналған және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған.

Сонымен қатар, аталған тауарлар ресми статистикаға енгізілмейді, себебі сауда айналымына жатпайды.

Электрондық сауда тауарларының барлық көлемін декларациялау шет елдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар туралы толық статистиканы құруға мүмкіндік береді.

Сөзінің түйінінде Азамат Әмрин заң жобасының мақсаттарына тоқталды.

– Осылайша, заң жобасы электрондық сауда операторының тауарларды декларациялау бөлігінде халық үшін кедендік рәсімдерді оңайлатуға; электрондық сауда тауарлары импортының толық әрі шынайы статистикасы мен құрылымын қалыптастыруды қамтамасыз етуге; трансшекаралық электрондық сауда саласын ретке келтіруге және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін депутат Әділ Жұбанов аталған заң жобасы бойынша егжей-тегжейлі түсінік бергенін жазғанбыз.