Төраға орынбасарының айтуынша, астықты қабылдау қоймаларындағы жиі орын алып отырған жолсыздықтарды жою мақсатында қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер енгізу күтіледі. Атап айтқанда, электронды астық қолхаты институтын заң жүзінде бекітіп, оны айналымға енгізу көзделеді. «Мұның маңызы зор. Өйткені, осы жүйе арқылы қамбада қанша астық сақталып отырғанын қадағалай аламыз. Бұдан бөлек, міндетті сақтандыру туралы заңға астық қолхатын ұстаушылардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормалар қаралатын болады. Бұл заң жобалары қазір талқыланып жатыр», - дейді А. Марс.
Бұдан басқа, комитет өкілі жергілікті жерлерде астық қабылдау кәсіпорындарынан көлік және теміржол жолдарымен астықтың тиелуін бақылайтын тиісті штабтар құру туралы Үкіметке ұсыныс жолданғанын да атап өтті. Ондай штабтың құрамына енетін құқық қорғау қызметкерлері мен облыс әкімдіктерінің қызметкерлері кәсіпорындардан шығарылатын астықтың заңдылығын да бақылайтын болады.