Департаменттің жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөлімінің басшысы Ғалым Махамбетұлының сөзінше, сатылымға қойылған Rolls-Royce, Bentley, Mitsubishi GT, GMC және Chevrolet Suburban маркалы автокөліктері енді 50 пайыз төмен бағамен саудаға қойылатын болады.
«Сот актісі бойынша Тоқтар Төлешовтің 22 автокөлігі мемлекет меншігіне қабылданған болатын. Оның ішіндегі нарықтық құны 69 млн теңгеден астам болатын 6 автокөлік (Chevrolet Suburban -4, Chevrolet Explorer -1, Chevrolet Tahoe -1) мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне тегін берілді. Яғни, Республикалық бюджеттен осы көліктерге деп қарастырылған ақша үнемделді.
Тағы 9 автокөлік 2017 жылғы 19 шілдедегі №10 шы комиссия хаттамасының шешіміне сай мемлекеттік заңды тұлғалардың меншігіне тегін беру үшін мемлекеттік мүлік веб порталына ұсынылды. Ол бойынша қазіргі күнде мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне беру бойынша комиссия шешім қабылдауда.
Сонымен қатар мемлекеттік заңды тұлғалардан ұсыныс түспеген 5 автокөлік (Rolls-Royce, Bentley, Mitsubishi GT, GMC, Chevrolet Suburban) аукционның сауда саттықты жоғарылату әдісі бойынша электронды саудаға қойылған болатын. Алайда, аукционға қатысушылардың болмауы себепті сауда-саттық өткізілмеді деп танылды. Ол туралы электронды акт жасалды. Енді комиссияның кезекті отырысында қаралып, аукционда өтпеген көліктердің бағасы 50 пайызға төмендетіледі. Яғни, электронды сауда бағасын төмендету әдісі бойынша тағы ұйымдастырылады»,-деді Ғалым Қасымбеков.
Айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті gosreestr.kz сайтына Төлешовтің 5 көлігі сатуға қойылған болатын. Олардың қатарында: 1992 жылғы Mitsubishi GT, 2005 жылғы Rolls-Royce, Bentley мен 2006 жылғы жол талғамайтын GMC көліктері бар. Мәселен, Mitsubishi GT көлігінің бастапқы бағасы 1 млн 083 мың теңге болса, аукционға қатысу үшін бастапқы кепіл жарнасы - 162 450 теңге болып белгіленген. Ал, Bentley көлігінің бастапқы бағасы 13 703 000 теңге болып белгіленген. Саудаға қатысқысы келетін адам алдымен 2 055 450 теңге төлеуі тиіс еді. Rolls-Royce көлігінің бағасы 40 150 000 теңгеден басталды. Бастапқы кепіл жарнасы 6 022 500 теңгені құраған. Жол талғамайтын GMC көлігінің алғашқы бағасы 6 527 000 теңге болса, электронды саудаға қатысу үшін - 979 050 теңге төлеу қажет болатын.