Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі «Электронды мемлекеттік сатып алу» веб-порталы жұмыстарының қорытындылары жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінге дейін орталық базасында тапсырыс берушілер, тауарлар мен қызмет түрлері, мемлекеттік сатып алулар келісімшарттарының тіркелімі жасалған. Қазіргі уақтта Порталда 1550-ге тарта электронды мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырушылары өздерінің ұсыныстарын орналастырған. Үстіміздегі жылғы маусымға дейін сауда алаңында 5,2 млрд. теңгенің қызметтері мен жұмыстарына 51 750 лот бойынша тендер жарияланған. Іс жүзінде 19 мыңнан астам лот бойынша жеңімпаздар анықталып отыр.
Мамандардың айтуына қарағанда, электрондық сатып алу жүйесімен жұмыс жасаған кезде конкурсты өткізу үдерісіндегі құжат айналымы бұрынғы қағаз жүзіндегі тәсілден еш айырмасы болмайды. Оның барлығы да рет-ретімен: конкурс жариялау, ұйымдастыру, өнім жеткізуші компанияны анықтау шаралары ашық жүргізіледі. Өнім жеткізушілер мен тапсырыс берушілердің электрондық жүйені пайдалануы тегін жүргізіледі. Бұрынғы қағаз жүзіндегі конкурстарға тапсырыс берушілер мен өнім жеткізушілердің қыруар уақыты кететін. Ал барлық ұйымдастыру шараларын ашық та нақты жүргізген компаниялар осы конкурсты өткізу мен жеңімпазды анықтап, онымен келісім жасау операциясын небәрі бір аптада өткізе алады. Сонымен қоса, өнім жеткізуші мекемелердің құпия ақпараттары да сақталады.
«Электронды портал - Мемлекеттік қажеттіліктер үшін жұмыс және қызмет көрсету, тауарларды сатып алуға кететін бюджеттік шығындарды қысқартуға, мемлекеттік тапсырыстарды бірыңғай тәртіппен орналастыру және қалыптастыруға, өнім берушілер арасында бәсекелестік жағдайларын тең құруға, жиналған ақпараттарды тез алуға, қағаз құжат айналымын айтарлықтай қысқартуға, мемлекеттік сатып алу үдерісінің ашықтығын жоғарылатуға, мемлекеттік сатып алуда заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік ашады», - дейді ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағанбетов.