Электронды төлем жүйесіне қатысты аптасына 100-ге тарта шағым түседі - Astana LRT

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana LRT» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов елордадағы қоғамдық көлік қозғалысына қатысты заңбұзушылықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электронды төлем жүйесі бойынша бізге аптасына шамамен жүзге тарта шағым түсіп жатады. Әлеуметтік желі парақшаларындағы соңғы видеороликтерді талдай отырып, кеңесшілердің (кондукторлар) немесе жүргізушілердің билетті бермей қоятынын байқадық. Мұндай жағдайға орта есеппен қолма-қол ақша төлейтін жолаушылардың 7 пайызы тап болады екен. Осыған байланысты бір аптаның ішінде 13 шағым келіп түскен. Бұл бағытта біз көліктік бақылау инспекциясын тарту арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартып жатырмыз», - деді Бейбіт Есжанов қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 2422 заң бұзушыға (компанияда еңбек ететін) 27,282 млн теңгенің айыппұлы салынған. Олардың 2,1 мыңы кеңесші болса, 322-і жүргізуші.

«Бұл ретте айта кетерлігі, жолаушылар тарапынан да заң бұзып жататын кездер кездеседі. Жыл басынан бері 5658 жолаушыға осы бағытта 27,214 млн теңгенің айыппұлы салынған. Міне, сондықтан жолаушыларға қазіргі заңнамадағы талаптарды сақтауы керектігін айтқымыз келеді», - дейді ол.