Электронды үкiметтi дамыту жөнiндегi БҰҰ рейтингiнде Қазақстан 28-орында тұр - Мемлекеттік хатшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бiрiккен Ұлттар Ұйымының электронды үкiметтi дамыту жөнiндегi рейтингiнде Қазақстан 193 ел арасында 28-орында тұр. Бұл туралы бүгiн Астанада басталған "Әлеуметтiк қамсыздандырудың мақсаттарына жетудегi АКТ саласының стандарттары мен бiрыңғай шешiмдерiн қабылдау жолдары" атты халықаралық конференция барысында ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова мәлiм еттi.

"Ғылым мен бiлiмнiң және озық инновациялардың заманына айналған XXI ғасырда әлеуметтiк салаға ақпараттық және коммуникациялық технологияларды тереңдеп енгiзудiң мән-маңызы өте зор. Мұндай игiлiктi қадамдар халықтың өмiр сүру сапасы мен әлеуметтiк әлеуетiн арттырып, сол арқылы ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 институционалды реформаны лайықты iске асыруға жол ашады деп сенемiн. Бүгiнде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жаһандық экономиканың негiзгi қозғаушы күштерiнiң бiрiне айналды. Халықты әлеуметтiк қамсыздандыру саласында ақпараттық-технологияларды қолдану мәселелерi жөнiндегi Астана конференциясы МАСО (Халықаралық әлеуметтiк қамсыздандыру қауымдастығы) елдерiнiң демократиялық, экономикалық, технологиялық әлеуетi өзгерiп жатқан кезеңмен тұспа-тұс өтуде", - дейді Мемлекеттiк хатшы.

Г.Әбдiқалықова атап өткендей, Қазақстан - халыққа қызмет көрсету саласында ақпараттық технологияларды қарқынды дамытып жатқан елдердiң бiрi.

"Бүгiн Қазақстан озық технологияларды пайдалана отырып, халыққа мемлекеттiк қызмет көрсету саласын әлдеқайда дамытты. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, БҰҰ-ның электронды үкiметтi дамыту жөнiндегi рейтингiнде Қазақстан 193 елдiң iшiнде 28-шi орын алды. БҰҰ-ның ұсынысы бойынша, электронды үкiмет жөнiндегi екiншi жаһандық форум былтыр Қазақстанда өттi", - дедi өз сөзiнде Г.Әбдiқалықова.