«Электронды үкіметтің» 150-ге дейін қызметі мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болады - С.Сәрсенов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын уақытта «электронды үкіметтің» 150-ге дейін сұранысқа ие қызметін мобильдік қосымшалар аясында алуға болады, деп мәлімдеді ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында. Бұл туралы www.primeminister.kz сайты хабарлады.

«Электронды үкімет» порталы арқылы алатын қызметтердің барлығын мобильдік қосымша арқылы алуға барынша ауыстырамыз, сонда қызметтердің көп түрін алуға болады. Қазіргі таңда мобильді үкіметке 54 қызмет шығарылған, бірақ таяу арада қызметтер санын 150-ге жеткізу жоспарда бар. Бұл халық арасында сұранысқа ие қызметтер», - деді С.Сәрсенов.

Оған қоса, ол уақыт өте келе, «электронды үкіметтің» барлық қызметтері мобидьдік қосымша аясында қолжетімді болатынын атап өтті.

Вице-министр еске салып өткендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ұялы байланыс пайдаланушылары үшін «мобильдік құлдық» жойылады.

«Бұл біздің азаматтарға өз нөмірін сақтай отырып, бір оператордан екіншісіне көшуге мүмкіндік береді. Аталған нормалар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасай бастайды», - деп нақтылады ол.

Сондай-ақ, ол ұялы байланыс қызметтерінің тарифтері көтерілмейтінін баса айтты. Орташа тариф 1 минутқа 3 теңгені құрайды. С.Сәрсеновтың айтуынша, Қазақстанда әлемдегі ең төменгі тарифтердің бірі.

«Депутаттар құны, тарифтер туралы сауалдар қойды, олар бізде әлемдегі ең төмен, біз талдау жүргіздік, Интернет құны бойынша біз 8-орындамыз», - деп түйіндеді ведомство басшысының орынбасары.