«Электронды үкіметтің» дамуын мемлекеттік қызметкерлер тежеп отыр

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Астана қаласының электронды әкімдігі» жобасының үйлестірушісі Дәурен Топаев Қазақстанда «электронды үкіметті» дамытуға кедергі болып отырған негізгі мәселелерді атады.

Оның айтуынша, нақты үш проблема бар. «Біріншіден, Астанада ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша мемлекеттік қызметтерді электронды түрде пайдалану көрсеткіші төмен. Себебі халық оған әлі толықтай дайын емес. Мәселен, бүгінгі статистиканы алып қарасақ, Астана тұрғындарының 68,8 пайызында Интернет бар. Бірақ олардың басым бөлігі ғаламторды тек хат жіберу, ойын ойнау, музыка, фото мен фильмдерді жүктеу үшін ғана қолданатындарын растады. Демек, біз Интернеттің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жатқан жоқпыз. Екіншіден, Интернеттің бағасы тым қымбат. Бүгінде жетекші оператордың орташа бағасы - айына 4 мың теңге. Халықтың 30 пайызы ондай төлемақыны көтере алмай отыр. Үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің көбісі электронды жүйенің енгізілуімен қызмет орнымнан айырылып қаламын деп сескенеді. Сондықтан «е-әкімдікті» дамыту жұмысында құлықсыздық танытып жатады. Олай ойламау керек. Біз бір нәрсені түсініп алуымыз қажет. Электронды жүйенің енгізілуімен бізде қосымша уақыт пайда болады. Біз оны басқа шаруаларға тиімді пайдалана аламыз», - дейді Д.Топаев.