Электрондық ақша туралы заңның қабылдануы бірқатар өзекті мәселелерді шешеді-М.Әбенов

АЛМАТЫ. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің қоржынында жатқан «Электронды ақша туралы» заңды талқылау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «ҚазНеттің құқықтық реттелуі және оның қазақтілді интернет БАҚ-тың дамуына ықпалы» атты семинар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов айтты.

Мәжіліс депутатының пікірінше, заң жобасында бірқатар нақтыланатын тұстар бар. «Мәселен ҚР Ұлттық банкі электронды ақшамен айналысуды тек банктерге беру қажет деп есептейді. Алайда электронды ақшаның айналымы аз болғандықтан бұл тиімсіз, сондықтан Ресейдегідей жеке компаниялар да айналысуы керек»,- деген депутаттың пікірінше, бұл заң жобасы толықтырылып, қалайда қабылдануы қажет.

«Қазіргі кезде елімізде Ресейдің электронды ақшасы айналыста жүр. Бұл ақпараттық қауіпсіздігімізге сын. Өзіміздің электронды ақшамыз болса, бірқатар мәселелерді де шешетін едік. Мысалы, қазіргі қарапайым терминалдардың комиссиясы жоғары. Өйткені ортада комиссиялық алым алып банктер отыр. Электронды ақша комиссия құнын төмендетер еді. Болмаса алыс ауылдағы адамға Алматыдан тауар жеткізгенше екі-үш есе баға төлейді. Егер сол ауылдарға интернет жеткізіліп, электронды ақша болса, әлгі тауардың жеткізу құнын ғана төлер еді. Сондықтан электронды ақша туралы заңды талқылау жақында жалғасып, қабылдануы тиіс»,- деді М.Әбенов.