Электрондық ақшаны шығару мен пайдалануға құқықтық негіз жасайтын заң жобасы мақұлданды

АНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы елімізде электронды ақшаны шығару әрі пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ, электрондық ақша шығару және онымен төлемдерді, өзге де қаржы операцияларын жүзеге асыру үшін оларды пайдалану саласында қалыптасып отырған құқықтық қатынастарды реттеу көзделеді. Мамандардың айтуынша, бұндай электрондық ақша жаңадан енгізілетін дүние емес, өйткені осындай электрондық ақша Қазақстанда айналымда бар. Дегенмен, бұндай ақша елімізде резидент еместер тарапынан шығарылады және бұлардың бәрі шетелдік валюта түрінде болып отыр. Сондықтан да заң жобасы жүзеге асса, қазақстандық банктер ұлттық валюта, яғни теңге бойынша электрондық ақша шығара бастайды. Өз кезегінде интернет пайдаланушылар желілерді пайдалана отырып, он-лайндық сатып алулар жасай алады. Тоқтала кететін жайт, электрондық ақшаны иелену әрбір интернет пайдаланушы жеке тұлғалардың таңдауы арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге, бүгінгі күні еліміздегі электрондық коммерция саласында отандық электрондық ақшаның болмауы салдарынан қаражаттың сыртқа ағылу жағдайы да кездескен. Отандық банктердің электрондық ақша шығара бастауы одан кейінгі кезеңдерде елімізде қажетті инфрақұрылымдарды құруға негіз болады. Сондықтан да, заң жобасын қабылдау нәтижесінде елімізде интернет-сауда жандана түседі деп күтілуде.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан 44 түзету енгізілген болатын. Палата бұның 40-ын қабылдады. Мәжіліспен екі оқылым бойынша мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.