Электрондық денсаулық сақтауды дамытудың алғашқы стандарттары бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Электрондық денсаулық сақтауды дамытудың алғашқы стандарттары бекітілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткізген «Қазақстан Республикасында электрондық денсаулық сақтауды дамыту перспективасы» тақырыбында дөңгелек үстелде 2013-2020 жылдарға арналған ҚР электрондық денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі тұжырымдамасы таныстырылды.

Аталмыш іс-шараға Астана мен Алматы қалаларының, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, қалалық, облыстық медициналық ұйымдардағы жауапты азаматтар, республикалық ұйым басшыларының орынбасарлары, ақпараттық технология саласындағы мамандар, Қазақстан Республикасының IT-компаниялары қауымдастығының өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысты.

«Қазақстанның электрондық денсаулық сақтау саласын іске асыру дер кезінде, шынайы және толыққанды ақпаратты автоматтандырылған түрде алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде емделушінің қажеттілігіне бағытталып, денсаулық сақтау жүйесінің қауіпсіз, әділ, сапалы және тиянақты орындалуына жол ашады. Ал елдегі әр азаматтың электрондық денсаулық паспорты - электрондық денсаулық сақтаудың орталық элементіне айналады», - делінген хабарламада.

Электрондық денсаулық сақтаудың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мен осы үрдіске барлық мүдделі жақтарды тарту үшін Министрлік базалық стандарттарды, нормативтік-құқықтық регламенттеу құжаттарын әзірлеу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Қазіргі таңда алғашқы басты стандарттар әзірленіп, бекітілді. Оларды дайындау жұмысына Министрлік және оған бағынышты ұйым, халықаралық кеңес беруші мамандар мен медициналық қызметкерлер қатысты. Айта кетейік, стандарттардың жобалары қоғаммен алдын ала Министрліктің ресми сайтында және форумында талқыланды.