«Елбасы мұғалімдердің есеп-қисапты толтырумен емес, тек бала оқытумен айналысуы керектігін бірнеше рет көтергені белгілі. Ал осы проблеманы «электрондық оқыту» жүйесі шеше алады. Бұл жүйе енгізілген мектептерде мұғалім оқушының үлгерімі, оның сабаққа қатысуы бойынша барлық ақпаратты электрондық нұсқамен енгізеді. Сосын жүйе арқасында министр де, білім департаментінің өкілдері де мектептерді мазаламастан-ақ, қажетті статистикалық мәліметті базадан алатын болады», - деді Р.Еңсебаев. Оның айтуынша, жүйе енгізілген мектептердегі басты мәселе ақпараттардың қайталануы болып отыр.
«Шындығында, мұғалімдер әрбір бағаны қайталап, оны біресе электрондық нұсқаға, біресе қағаз журналға қойып жүр, өйткені олардан осы талап етіледі. Әлбетте, бұл артық шаруа, әсіресе, жобаның басынан бастап қатысып жүргендерге қиындау. Сондықтан да ең бірінші кезекте жұмыстың жарыса, қосарлана жүргізілуін болдырмайтындай ұйымдастыру шараларын енгізіп, ең құрығанда сынақ түрінде болса да жасап көру керек», - деді Р.Еңсебаев.
Өз кезегінде депутат Гүлнар Ықсанова кейбір өңірлерде әкімдіктер өздерінің электрондық жүйелерін енгізіп жатқанын, сол жүйеге мұғалімдер өздерінің оқу үлгерімі бойынша ақпараттарын да енгізе алатынын атап өтті.