Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, қолданыстағы нормативтік құқықтық база еліміздегі сауда саласын реттеуді толық көлемде қамтымай отыр. Сонымен бірге, Елбасы жүктеген экономикалық міндеттерге қол жеткізу мақсатында мемлекет ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекелестікке дайын болуы тиіс. Ал оған қол жеткізу құралы сауда саясаты, оның ішінде сауда қызметін тиімді реттеу болып табылады, өйткені әлемнің кез келген елінің экономикалық табысы мен жоғары даму деңгейі көбіне ұйымдастырылған сауда нарығына тәуелді болады. Заң жобасы осыған орай әзірленіп отыр», - дейді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы кейбір заң нормалары Кеден одағы шеңберінде жасалған халықаралық келісімдерге, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының келісімдеріне сәйкес келмейді. Бұдан басқа, осы жүйенің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, электрондық саудамен байланысты құқықтық реттеу мәселелерін заңнамалық түрде бекіту қажеттілігі туындайды.
«Осыған орай, сауда қызметін жүйелендіру мақсатында азық-түлік тауарларының табиғи шығынының нормаларын әзірлеу, электрондық сауданы жүзеге асыру тәртібін регламенттеу бойынша толықтырулар енгізу көзделеді. Бұдан басқа, заң жобасында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне «Тауар биржалары туралы» заңының нормаларын орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу көзделген. Жалпы заң жобасын қабылдау сауда қызметін жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын белгілеу арқылы сауда қызметін жүйелендіруге, электрондық сауда саласындағы жұмысты жетілдіруге, сондай-ақ ұлттық заңнаманы халықаралық сауда нормаларына бейімдеуге мүмкіндік береді», - деді Т. Жақсылықов.