Электрондық темекі тартқан американдық азамат тілінен айырылды

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Флориданың 57 жастағы тұрғыны Том Холлуэй электрондық темекі тартып, күрделі жарақат алды, деп хабарлайды РосБизнесКонсалтинг.

Associated Press-тің хабарлауынша, Т.Холлуэйдің темекі тартуды қою үшін қолданған электрондық темекісі аузында жарылған. Соның салдарынан ер адам тілінің бөлігі мен алдыңғы тістерінен айырылып, беті күйіп қалды.

Жарылыс кезінде Т.Холлуэй өзінің үйінде болған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлердің айтуынша, «болған оқиға сіздің аузыңызда стартқа дайындалып жатқан зымыранды ұстап қалуға талпынғаныңызбен тең». Болжам бойынша, жарылысқа ақаулы батарея себеп болды. Қазіргі кезде тергеуге жарақаттанған адамның шеккен электрондық темекісінің маркасы және қандай батарея қолданғаны белгісіз. Электрондық темекінің өкілдері бұған дейін ұқсас оқиғалар туралы естімегендерін мәлімдеді. Tobacco Vapor Electronic Cigarette Associaton компаниясының басшысы Томас Киклас электрондық темекіні 2,5 млн. американдықтардың қолданатынын және осындай оқиғалар болмағанын атап өтті.