«Электрондық үкімет» азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймайды, сыбайластыққа да қалқан бола алады

None
ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» ақпараттық ғасырдың кез келген жаңалығы үнемділікпен астасып жататындығы да анық.

Тіпті өндірістің өзінде басқасына қарағанда аз уақыт, аз ресурс, аз энергия шығындап, мол өнім, көп нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударылады. Уақытын үнемді пайдаланып, шығынын аз жұмсаған кәсіпорын бәсекелестер алаңында топ жаратыны да айқын. Ғасыр инновацияларының өзі де осыған негізделетіні айдан анық. Яғни, заманауи дамудағы қоғам сұранысын тудыратын басты талаптардың бірі - уақыт үнемшілдігі. Бұл ретте техника, технология дамыған заманда жұртқа көрсетілетін қызметтердің сапалылығы ғана емес, оның уақыт үнемшілділігі де ең бірінші сұраныс болып табылады.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның «электрондық үкімет» порталының қоғамдық сұраныстар үдесінен шығатын мүмкіндігі мол. Порталда экономика, білім, мәдениет, еңбек, денсаулық, спорт, туризм және адам өмірінің өзге де салалары бойынша бірнеше мәтіндік бөлімдерде 2000 астам ақпараттық қызмет көрсетіледі. «Электрондық үкімет» порталы тек ақпараттық ресурс қана емес, оның пайдаланушыларына мемлекеттік органдардың әртүрлі электрондық қызметтер ұсынылады. Яғни, үйде отырып-ақ, түздің жұмысын бітіруге дейінгі көптеген жағдайлар жасалған. Кеңестік кезеңдегі секілді көп уақытыңды кезекте тұруға шығындамай-ақ, мемлекеттік анықтамаларды үйдегі компьтермен тындыруға болады.
Бұл ретте бүгінгі күнге дейін «электрондық үкімет» порталында әділет, білім, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сонымен қатар Жоғарғы сот пен Салық комитетінің 74 интерактивтік қызметтері көрсетілетінін айта кеткен орынды. 2014 жылға қарай «электрондық үкімет» шеңберінде барлығы әлеуметтік-маңызды мемлекеттік қызметтердің жартысынан көбін виртуалды формаға ауыстыру жоспарлануда.

Жалпы алғанда, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан 206 қызмет көрсетілсе, интернет арқылы соның 174-іне қолжетімділік қамтылған. Жақын аралықта жұртшылыққа көрсетілетін қызметтердің қатары тағы 15-пен толығатыны күтіледі. Сондықтан да, бүгінгі күні «электрондық үкіметті» жұртшылық арасына кеңінен кірігіп бара жатқан құбылыс деп айтуға келеді. 2010 жылы е-қызметтің онлайн-режимінде 1 миллионнан астам анықтамалар берілсе, 2011 жылдың өткен 9 айында жұртшылық алған анықтамалар бұдан 5 есеге артық. Нақтыласақ, портал арқылы бүгінгі күні 8 миллионнан астам электрондық қызмет көрсетілсе, күн сайын 25 мыңнан астам порталға байланысатын болса, ресурстың танымалдылығы да көзі қарақты, компьютермен іс жасай білетіндердің арасында артып отыр.

Тоқтала кететін жайт, соңғы уақытта Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі тарапынан жүргізілген пәрменді шаралардың арқасында өңір-өңірлерде «электрондық үкіметті» етене етуге қатысты кең ауқымды шаралар кешені де жүзеге асып келеді. Бұл шараның ғаламтордың қолы жететін кез-келген түкпірдегі танымдылықты да арттыра түсетіні сөзсіз. Өйткені, осындай ауқымды істердің барысында былайғы жұртшылықтың көпшілігі «электрондық үкіметті» сырттай танығанымен, оның қызметіне соншалықты үңіліп көрмегені анықталып отыр. Тіпті, қарапайым халықтың көпшілігі «е-қызмет» порталын министрдің блогымен де жиі шатастырады. Әлгіндей министрлік пен холдингтің облыс орталықтарында, қалаларда атқарып жатқан жұртшылыққа жеткізу жұмыстарында электрондық сандық қолтаңбаларды беруге қатысты мәселелер де кеңінен түсіндіріледі. Жалпы бүгінгі күні электрондық сандық қолтаңба бір жылға беріледі, бұндай шектеу негізінен оның иесіне қатысты қауіпсіздіктерді сақтау масатында беріліп отыр. Алайда, жақын аралықта бұндай қолтаңбаны беру мерзімі үш жылға дейін ұзартылатын болады. Бұл ретте электрондық сандық қолтаңба арқылы «электрондық үкіметтің» www.egov.kz порталы бойынша кез келген қазақстандық азамат қажетті мемлекеттік қызметін тегін әрі шапшаң ала алады.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, «электрондық үкімет» порталы қызметтерін пайдаланатындардың тең жарымынан астамы - 25 пен 40 жастағы азаматтар екен. Бұл туралы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев өзінің блогында «электрондық үкімет» (www.e.gov.kz) порталын пайдаланушылар арасында жүргізілген сараптамаларға сүйеніп жазған болатын. «Порталда тіркелген барлық қазақстандықтар туралы сараптама жасай келе, «электрондық үкімет» порталын пайдаланушылардың жиынтықталған портретін құрастырдық: негізгі белсенді пайдаланушылардың жасы, жынысы және тіпті олардың қай өңірде тұратындықтарын да анықтадық. Бір қызығы, «электрондық үкімет» порталын пайдаланушылардың жас аралығы 25-40-ты құраса, осы аралықтағы пайдаланушылардың ең көп тіркелгені 27 жаста екен», - дейді министр А. Жұмағалиев.

Байланыс және ақпарат министрінің айтуынша, жаңа ақпараттық технологиялар ең алдымен жастар арасында басымдыққа ие болып, осы төңіректе танымалдығы артатынына қарамастан порталды пайдаланушылар арасында 40 пен 55 жастағы азаматтардың қатысу белсенділігі де біршама деңгейде болып отыр. Жаңашылдыққа ұмтылған осы 40 пен 55 жас аралығындағы топ та мемлекеттік қызметті шапшаң алудың жолына жүгінген. Бұл жастағылар жалпы тіркелгендер арасындағы саны шамамен 21 пайызды құрайды екен. «Бұдан бөлек, 55 жастан асқан азаматтарымыз да «egov.kz» порталындағы қызметке жүгінеді, олардың саны жалпы тіркелген пайдаланушылардың 5,3 пайызын құрайды», - дейді министр А. Жұмағалиев.

Министр келтірген тағы бір сараптауларға сүйенсек, «e-gov» порталына тіркелген пайдаланушыларды гендерлік жағынан жіктегенде олардың арақатынасы бірдей шаманы көрсетіпті. Яғни, пайдаланушы ерлер мен әйелдердің арақатынасы 50,5 пен 49,5 пайызды құраған. Ал өңірлерге жіктеу бойынша пайдаланушылардың белсенділік нәтижесіне сүйенсек, бұндай белсенді нүктелердің көшбасында Алматы қаласы тұр. Бұл қалада «электрондық үкімет» порталын пайдаланушы ретінде тіркелгендердің 17 пйызы тұрады. Одан кейінгі кезекте Астана (14 пайыз), бұдан соң Қарағанды облысы (11 пайыз). Алғашқы үштік осылай құрылса, көрсеткіштер рейтингі Маңғыстау облысымен аяқталады, осы өңірдің белсенділігі 2 пайызға жуық болып отыр.

Соңғы уақытта жұртшылық тарапынан көбірек пайдаланылатын қызмет түрлеріне е-қызмет ұсыну да порталдың, сол арқылы е-қызметтің де жұмысын жандандырып, оны пайдаланушылар қатарын арттырып отырғанын атап өтуге болады. Мәселен, айыппұл төлеуге қатысты е-қызметтің енгізілуі де уақыт тапшылығында жүрген жандардың жұмысын жеңілдеткенге ұқсайды. Оның үстіне алдағы жылы е-қызметтер ауқымы кеңейіп, салық саласындағы қызметтер де электронды түрде балама ұсынылатыны белгілі. Сондықтан да, өңірлерде «электрондық үкіметке» сұраныс алдағы уақытта да арта түсетіні байқалады.

Ал халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, Интернет желілерін пайдалануда жергілікті халықтың белсенділігі 20 пайыздан асатын болса, онда тек қана «электрондық үкімет» емес, электрондық нарық қызметтері де қалыптасатыны анықталған. Осы негізге 2006 жылы Байланыс және ақпарат агенттігі (2006 жылы агенттік кезінде) еліміздегі барлық облыстардың алдына 2010 жылға қарай 20 айыздық межені бағындыру туралы міндетті жүктегені белгілі. Қазір Қазақстанның көптеген өңірлерінде жоба сәтті жүзеге асуда. Ағымдағы жылы еліміздегі бірқатар әкімдіктердің электрондық қызметтер көрсету бойынша ілкі аймаққа тартылуы да сондықтан деуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, жұртшылық елдегі билік тарапынан атқарылып жатқан жаңалықтарды біліп, оның игілігін көруге тиісті. Сондықтан да, тәжірибе жүзінде уақыттың тиімділігін арттыратын шараға жұрттың көзін жеткізудің маңызы да зор. Мәселенің екінші жағымды тұсы - сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталатыны да айқын. Сондықтан да, «е-қызмет» қазіргі таңда әсіресе Халыққа қызмет көрсету орталықтары жетіспейтін өңірлер үшін аса қажетті дүние болып табылады. Кезекте тұрмастан тапсырыс беру, жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзғандығы үшін айыппұлды ыңғайлы уақытта, ыңғайлы орыннан төлеу, неке туралы куәлікке өтінішті үйде отырып-ақ өткізу, бұның бәрі адамның жұмысын жеңілдететін үлкен техникалық қамқорлық десе де болғандай. Ол аз десеңіз, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын уақытыңызды анықтап, кезектен орынды алдын ала алудың да жолы табылып отыр. Бұның бәрі, әрине халық игілігі үшін екендігі даусыз. Ал осындай халық игілігінің арқасында мемлкеттік қызметтерге қолжетімділік артып, оны тиімді жүргізу қоғамның да бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны даусыз.

Сөз соңында «электрондық үкімет» порталын белсенді пайдаланушыларға да сыйлықтар тағайындалғанын жеткізгіміз келеді. Атап айтқанда, «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі е-үкімет порталын пайдаланушылар үшін осындай акция ұйымдастырып отыр. Акцияның шарттары да қарапайым: www.egov.kz порталынан алынған қызмет туралы 8 анықтама немесе 8 түбіртекті әкеліп «электрондық үкіметтің» шоу-румына тапсырған азаматтар сыйлыққа ие болады. Бұл ретте барлық 8 анықтама тек бір ғана адамның атында болуы шарт.