«3 тамыз күні ақпараттық жүйелер жұмысында ақау шықты. Электронды үкімет бір тәуліктен астам жұмыс істемеді. Осы орайда қандай шаралар қабылдап жатсыздар», - деп сұрады Үкімет басшысы.
Өз кезегінде министр Бағдат Мусин 3 тамызда мемлекеттік органдардың серверлік орталығының инфрақұрылымында іркіліс болғанын растады.
«Оны тексеріп, сараладық. Ол бірқатар сервердің істен шығуынан болды. Өз кезегінде Ұлттық технологиялар АҚ қызметкерлерінің жедел жұмысының арқасында сағат 14:00-де көптеген жүйелердің жұмысы азаматтардың деректерін жоғалтпай қалпына келтірілді», - деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, электрондық үкімет инфрақұрылымын резервтеу мен жүйелерді жаңғырту жүргізіліп жатыр.
«Оның ішінде мемлекеттік органдардың негізгі және резервтік Деректерді өңдеу орталықтарының тәуелсіз инфрақұрылымын құру жоспарланып отыр. Келесі жылы ірі жобаларды іске асырсақ, бұл мәселе шешілетін болады»,- деді Бағдат Мусин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, тамыз айында eGov.kz жүйесінде техникалық ақау шығып, мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі болмады.
Кейін eGov.kz және Ашық үкімет порталдарының, eGov mobile мобильді қосымшасының және негізгі мемлекеттік дерекқорлардың жұмысы толық қалпына келтірілді.
Фото:primeminister.kz