«Электрондық үкімет» веб-порталында халыққа үш әлеуметтік қызмет көрсетілуде

АНА.  Тамыздың  24-і.  ҚазАқпарат /Муратбек Мақұлбеков/ -   «Ұлттық ақпараттық  технологиялар» акционерлік  қоғамының   таныстыру  залында   «Электрондық үкімет»  веб-порталының  жаңа  электрондық қызметтеріне арналған баспасөз мәслихаты  өтті.

Конференцияға  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның,  Ақпараттандыру және   байланыс  жөніндегі агенттіктің,   Еңбек  және халықты әлеуметтік  қорғау министрлігінің,  Бас прокуратураның  Құқықтық статистика   және  арнайы  есепке алу жөнiндегi комитетi нің өкілдері  қатысты.

Ақпараттандыру  және байланыс   жөніндегі агенттік төрағасының  орынбасары Ерлан  Дүрмағамбетовтың айтуынша,    қазіргі уақытта  «Электрондық үкімет» веб-порталы  халыққа сотталмағандығы  туралы анықтама  қағазды  беру,    баланың  туылуы  және  оны күту    жөніндегі  жәрдемақы  тағайындау    шешімі  туралы  мәлімет беру, салымшы  қаржысының  түсуі және оның  қозғалысы  туралы,  мысалы азаматтың  зейнетақы  есебі  туралы     мәліметтер  беру сияқты  қызметтерді көрсетеді.

Егер  бұрын жеке  тұлғалар,  тиісті  органдарға  өтініштер     бергеннен  және  түрлі  құжаттардың көшірмелерін тапсырғаннан кейін,  жауапты ең аз дегенде  7  күн күтсе,   қазір өтініш беруші кейбір   анықтамаларды  сол  сәтте ала алады.  Тек өтініш берушінің Халыққа қызмет  көрсету  орталықтарында берілетін электрондық-сандық   қолтаңбасы  болса  жетіп жатыр.

Ағымдағы  жылдың соңына  дейін    веб-порталға  Еңбек  және халықты әлеуметтік  қорғау министрлігінің, Салық комитетінің,    Әділет  министрлігі мен  Ауыл шаруашылығы министрлігінің  және  Бас прокуратураның   электрондық қызметтері  орналастырылады.