«Электрондық үкіметтің» базалық инфрақұрылымы дайын - А. Жұмағалиев

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні «электрондық үкіметтің» базалық инфрақұрылымы дайын.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР «электрондық үкіметін» дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымы бірқатар жүйеден тұрады. Атап айтқанда, бұған мемлекеттік деректер базасы, төлем шлюзі, электрондық құжат айналымы секілді жүйелер кіреді. Ал жаңа заң жобасында «электрондық үкіметті» дамытудың бірқатар бағыттары айқындалып отыр. Бұлардың арасында электрондық мемлекеттік қызметтерді төлеу мүмкіндігін қарастыру, ақпараттық мемлекеттік ресурстарда мемлекеттік тілдің қолданылуы, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді мәселелер көзделген», деді министр.

Оның айтуынша, заң жобасы арқылы «электрондық үкімет» саласындағы мемлекеттік тілді қолдану мәселесіне де назар аударылған. Бұл ретте ең алдымен мемлекеттік тілде электрондық мемлекеттік қызметтерді ұсыну шаралары қарастырылады. Бұдан бөлек интерфейсте және мемлекеттік деректер базасында мемлекеттік тілдегі ақпаратты қолдау шаралары да қамтылған.

«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде де бірқатар нормалар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, заң жобасында электрондық цифрлық қолтаңбаны шығару қызметін бақылау, мемлекеттік органдар арасында қорғалған байланыс арналарын ұйымдастыру мәселелері көзделеді», деді министр.