Электросамокатты қалай қауіпсіз пайдалануға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын электросамокаттарды пайдалану кезінде жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жол қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, соңғы уақытта бір электросамокатқа екі немесе одан да көп адамның қатар мінуі, сондай-ақ онымен көлемді жүк тасымалдау жағдайлары жиілеп кеткен.

— Электросамокаттың құрылымы бір ғана адамды тасымалдауға арналған. Оған қосымша жолаушы мінгізу немесе көлемді жүк тиеу көлік құралының тепе-теңдігін бұзып, оны басқаруды қиындатады әрі құлау мен жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін бірнеше есе арттырады. Барша пайдаланушыны қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарап, Жол қозғалысы қағидаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз. Бұл — тек самокат жүргізушісінің емес, айналасындағы басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе, — деді Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция жол қозғалысы қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

— Полиция жеке ұтқырлық құралдарын пайдаланушыларды жолдағы тәртіпті сақтауға, өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметпен қарауға және «бір самокат — бір адам» қағидатын ұстануға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік — әркімнің жауапкершілігінен басталады, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, алматылықтар электрсамокат ережесін бұзғандар туралы WhatsApp арқылы хабарлай алады.