Елена есімді орыс қызы исламды қабылдап, Айша атанды

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Елена атты орыс қызы Айша атанады. Бұл туралы ҚМДБ ресми сайтында жарияланған.

Қарағанды облыстық орталық мешітіне Елена есімді орыс қызы келіп өзінің Ислам дінін қабылдағысы келетінін айтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, Еленаға мешіттің наиб имамы Жандос Нығыман Ислам сөзінің мағынасын, әр сәбидің дүние есігін ашқанда мұсылман болып туатынын түсіндірді. Сонымен қатар мұсылман баласы барлық пайғамбарларды мойындап, Алла Тағаладан келген қасиетті кітаптардың баршасына иман келтіретінін де тілге тиек етіп өтті.

Ислам деген тек бес уақыт намаз оқып, жылына бір ай ораза ұстаумен шектелмейтінін, әр мұсылманның әр ісі Жаратушының разылығына жеткізетін деңгейде жасалуы үшін тынымсыз ізденіс пен даму үстінде болуы қажет екенін ескертті. Әрі өз жұмысын жақсы атқару, отбасын құрып, бала тәрбиелеу, көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу - бұлардың барлығы Ислам дінін ұстанған әр адамның өмір бойы атқаратын амалдары болуы тиіс екенін түсіндірді.