Спортшының айтуынша, алдағы маусымның жарыс кестесін дайындағанда, оның командасы денсаулық жағдайына басымдық беріп, ірі халықаралық турнирлер мен ұлттық құрама сапындағы ойындарды қатар алып жүруге тырысады.
– Әрине, Олимпиада жылы жақындап келе жатқандықтан, ұлттық құрама сапында ойнаудың түрлі мүмкіндіктерін қарастырамыз. Жалпы, жарыс күнтізбесінің қалай қалыптасатынын бақылап, денсаулығыма да назар аударамыз. Ең бастысы, ірі турнирлерде де сәтті өнер көрсетіп, ұлттық құрама сапында ойнауға және Олимпиадаға дайындалуға мүмкіндік беретін оңтайлы шешімдер табуға тырысамыз, – деді Елена Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Теннисші әлемнің әр түкпіріндегі қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сезінетінін айтты.
– Ең қуаныштысы – теннис корттарына көздері жанып, сенімен бірге ойнауды армандап келетін балаларды көру. Олар үшін бұл – үлкен оқиға. Өзімнің кішкентай кезімді еске алсам, сол уақытта теннис жұлдыздарымен бірге ойнауға мұндай мүмкіндік болмаған шығар. Қазір елімізде теннис қарқынды дамып келеді: турнирлер көптеп ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өткізіледі. Меніңше, ең бастысы – теннистің ғана емес, жалпы спорттың дамып келе жатқаны. Бұл маған үлкен мотивация береді. Кейде қиындықтар туындаған кезде, мұның бәрін тек өзім үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін де жасап жүргенімді ойлаймын. Сондықтан Қазақстанға оралғаныма әрдайым қуаныштымын, – деді спортшы.
Сонымен қатар, Елена Рыбакина өз командасымен бірлесіп, жас теннисшілерді қолдауға бағытталған агенттік құру жұмысын бастағанын айтты. Жоба аясында жас спортшыларды қажетті теннис жабдықтарымен қамтамасыз ету де көзделген. Әзірге бастама бастапқы даму кезеңінде.
Дегенмен, алдағы жылдардағы басты жоспарлары өзгеріссіз қалады. Олар – халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсету және 2028 жылғы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалу.
Айта кетейік, бұған дейін Елена Рыбакина тарихи маусымнан кейін елге оралғанын жазғанбыз.