ӘБУ-ДАБИ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Аустралия ашық чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін рейтингіде 5-сатыға түсіп қалған Е.Рыбакина үшін бұл жарыс маңызды еді.
Доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 71-орындағы америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасты.
Олар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы Коллинз оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетіп, бірінші партияда басым түсті — 6:4.
Есесіне екінші сетте Елена есе қайтарды — 6:3.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды — 6:3.
Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-ройнт) шектелді.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, Испания өкілі Кристина Буча немесе рейтингіде 156-сатыдағы британиялық Хитер Уотсонның біреуімен таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).