ӘБУ-ДАБИ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (ОАӘ) WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен бас жүлдені сарапқа салды.
Осыған дейін қарсыластар төрт мәрте кездескен еді. Есеп тең – 2:2.
Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина бет қаратпады – 6:1. Елена екінші сетте де брейкпен алға кеткенімен, ресейлік теннисші сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2.
Есеп 4:4 болған мезетте Рыбакина тағы бір брейк жасай алды – 5:4. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Касаткина 5 брейк-пойнттың үшеуін құр жіберген жоқ.
Осылайша, биыл Елена Рыбакина WTA 500 жарысында екінші рет жеңімпаз атанды. Ол өткен айда Брисбенде (Аустралия) үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дохада, Александр Бубликтің Роттердам турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).