Елена Рыбакина Әбу-Дабиде чемпиондық атақ үшін таласады

Фото: Фото: lenarybakina/Instagram

ӘБУ-ДАБИ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (ОАӘ) WTA 500 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен бетпе-бет келді.

Л.Самсонова Е.Рыбакина үшін қолайсыз қарсылас болатын. Осыған дейін өзара төрт рет кездесіп, соның бәрінде ресейліктің бәсі басым болған еді.

Бұл жолы Елена Рыбакина бірінші партияда Л.Самсоноваға бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Есесіне екінші сетте ресейлік спортшы қатарынан екі брейк жасады – 4:1. Рыбакина есепті 3:4-ке дейін қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 4:6.

Үшінші, шешуші партияда Елена брейкпен алға кетті – 4:1. Сосын матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Осылайша, Е.Рыбакина Л.Самсоноваға бұған дейінгі кеткен есесін бір рет қайтарды.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 9 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың алтауын құр жіберген жоқ.

Л.Самсонова 6 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина финалда әлемнің 14-ракеткасы, тағы бір ресейлік Дарья Касаткинамен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол үш сағатқа созылған аса тартысты бәсекеде рейтингіде өзінен бір саты жоғары тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майяны қапы қалдырды – 6:3, 4:6, 7:6 (7:1).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Ноттингем турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.