АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина 2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша эйс саны жөнінен ресми түрде көш бастады.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) баспасөз қызметі Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина 2016 жылдан бері бір маусымда эйс санын 500-ден асырған бірінші теннисші атанды.
Қазақстандық спортшы биыл барлығы 516 эйс жасады.
Бұдан бұрын Елена Рыбакина WTA жорамалы бойынша жылдың үздік ойыншысы атағына үміткерлер қатарына кірген еді. Сонымен қатар қазақстандық теннисші Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен жылдың қорытынды турнирінде табыс табу жөнінен теннис тарихында үздік көрсеткішке қол жеткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның бірегей табысымен Гиннестің рекордтар кітабына екінші рет енгенін жазған едік.
Сондай-ақ Әмір Омарханов кәсіби жолында алғашқы титулына қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).