Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 12-орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина 13-тен 12-орынға көтерілді.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 43-сатыда қалды.
Зарина Дияс 262-ден 269-ға сырғыса, Жібек Құламбаева 300-ден 292-ге жоғарылады.
WTA рейтингісінде Беларусь өкілі Арина Соболенко көш бастаса, америкалық Кори Гауфф пен поляк Ига Швентек үздік үштікте келеді.
Осы аптада Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева Вашингтон WTA 500 турнирінде сәтті өнер көрсетсе, рейтингідегі жағдайын жақсарта алады.
Е.Рыбакина Вашингтонда жұптық сында да өнер көрсетпекші. Ол ұлыбританиялық Эмма Радуканумен бірге кортқа шығады. Е.Рыбакинаның жұптық сында сирек ойнайтыны белгілі.
Жұптық сында әлемдік рейтингіде Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 10-орнын сақтаса, Ю.Путинцева 57-де тұр. Жібек Құламбаева 122-ден 128-ге төмендеді.
Жұптық сында чехиялық Катержина Синякова, америкалық Тейлор Таунсенд және латвиялық Елена Остапенко алда келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың алғаш рет Вашингтон турниріне жолдама алғанын жазған едік.