АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті.
Кеше Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінде чемпион атанған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 10-нан 7-орынға көтерілді.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 69-дан 76-ға төмендеді.
Анна Данилина жұптық сында 13-орнын сақтап қалды.
Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде бұрынғыша 9-сатыда тұр.
Қазақстандық теннисші қарашада Эр-Рияд қаласында өтетін жылдың қорытынды турниріне қатысу үшін үздік сегіздікке ілігуі қажет. Бұл үшін Токио (Жапония) WTA 500 турнирінде алдағы екі матчында жеңсе, жетіп жатыр. Сонда 8-орындағы ресейлік Мирра Андрееваны басып озады. Мирра Андреева осы аптадағы жарыстарға қатыспайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы турнирде үздік шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).