АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бангалор қаласында (Үндістан) 17-20 желтоқсан аралығында өтетін Әлемдік теннис лигасында (WTL) өнер көрсетеді.
India Today сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Уимблдон чемпионы Е.Рыбакинадан басқа аталмыш турнирге белгілі теннисшілер қатыспақшы.
Атап айтқанда, ресейлік Даниил Медведев, аустралиялық Ник Кирьос, испаниялық Паула Бадоса, франциялықтар Гаэль Монфис пен Артюр Фис, Польша өкілі Магда Линетт, украиналық Марта Костюк және үндістандықтар Рохан Бопанна мен Сумит Нагал кортқа шығады.
- Мен Үндістандағы теннис мәдениеті туралы көп естідім. Сондықтан WTL турнирінде алғаш рет ойнайтыныма қуаныштымын. Лиганың өту форматы тартымды. Өз командаммен бірге кортта әр сәттен ләззат алуға дайынмын, - деді Е.Рыбакина.
Бұл биыл WTA қорытынды турнирінде жеңімпаз атанған қазақстандық теннисші үшін жылдың соңғы додасы болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің рекордтық көлемде табыс тапқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).