Елена Рыбакина Алматыда жас теннисшілермен кездесті

Фото: ҚТФ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Алматыда болып, жас теннисшілерге қуаныш сыйлады. Қазақстсндық теннисші Gorky Tennis Park тәрбиеленушілерімен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді. 

Балалар теннисшімен тіл қатысып, сауалдарына жауап алды. Елена Рыбакинаның құнды кеңестерін тыңдады.

Фото: ҚТФ

Кездесуден кейін теннисші баспасөз мәслихатын өткізді. Онда 16-21 қыркүйекте Қытайдың Шэньчжэн қаласында өтетін командалық әлем чемпионаты — Билли Джин Кинг кубогына қатысатын Қазақстан құрамасының мүмкіндіктеріне тоқталды.

Фото: ҚТФ

— Жеңіс үшін барымызды саламыз. Біздің қарсыласымыз — АҚШ құрамасы өте мықты. Онда кім ойнамасын, бәрі де алдыңғы саптағы ойыншылар, — деді Рыбакина.

Теннисші сондай-ақ әлеуметтік желімен де айналысып, командасымен бірге You Tube каналын ашқанын жеткізді.

Фото: ҚТФ

Ұлттық тағамдарға қатысты пікірін білдірген Елена Рыбакина сәті түскенде, бауырсақты сүйсіне жейтінін айтты.

Фото: ҚТФ

Елена Рыбакина сапар барысында Болат Өтемұратовтың қоры құрған «Асыл мирас» орталығында да болып, жұмысымен танысты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Қытайдағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз