Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакинаның Бейжің (Қытай) WTA 1000 турниріндегі алғашқы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның маңдайалды теннисшісі бірінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік байқасады.
Ч.Циньвэн Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында теннистен жеңімпаз атанды. Ол 29 қыркүйек күні финалда отандасы, рейтингте өзінен он саты төмен тұрған Чжу Линьді 6:2, 6:4 есебімен ұтты. Сондықтан 20 жастағы Чжэн Циньвэнь оңай шағылатын жаңғақ емес.
Қытай астанасында 30 қыркүйек – 8 қазан аралығында өтетін ірі додада әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, белоруссиялық Арина Соболенко, Польша өкілі Ига Швентек бастаған әлемнің мықты теннисшілері өнер көрсетеді.
Жарыстың жүлде қоры 8,1 млн АҚШ долларынан асады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Астана турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Бейжің жарысының іріктеу сайысын сәтті бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).