АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемдік рейтингіде 66-орында тұрған германиялық Ева Лиспен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда германиялық спортшы 3:1 есебімен алға кеткенімен, Рыбакина таразы басын теңестірді – 3:3. Алайда бұдан кейін Лис қатарынан үш геймді алды.
Екінші сетте Елена айқын басымдылық көрсетті – 6:1.
Үшінші, шешуші сетте Лис тағы да 2:0 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші алысқа ұзатпады - 2:2. Есеп 3:3 болғанда, Рыбакина брейк жасағанымен, сол бойда өз геймін беріп қойды – 4:4. Содан кейін Лис үшінші матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:4.
Екі сағат 14 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 8 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Лис 1 эйс, 7 брейкпен (20 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Елена Рыбакина Бейжіңдегі жарыс жолын аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжің турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).