Елена Рыбакина Бейжің турнирінің үшінші айналымына шықты

Фото: Оlympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.

Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 90-сатыдағы америкалық Кэти Макнеллимен кортқа шықты.

Рыбакина бірінші партияны өз есебіне жазды - 7:5. Екіншісінде Макнелли есе қайырды - 6:4. Үшінші, шешуші сетте Елена 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылықтан айырылған жоқ - 6:3

Екі сағат 30 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 8 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуіін пайдаланды. Макнелли 2 эйс, 3 брейкпен көзге түсті.

Елена Рыбакина үшінші айналымда рейтингіде 66-орындағы германиялық Ева Лиспен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Бейжіңдегі турнирдің екінші айналымында кіммен кездесетінін жазған едік.