АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 90-сатыдағы америкалық Кэти Макнеллимен кортқа шықты.
Рыбакина бірінші партияны өз есебіне жазды - 7:5. Екіншісінде Макнелли есе қайырды - 6:4. Үшінші, шешуші сетте Елена 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылықтан айырылған жоқ - 6:3
Екі сағат 30 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 8 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуіін пайдаланды. Макнелли 2 эйс, 3 брейкпен көзге түсті.
Елена Рыбакина үшінші айналымда рейтингіде 66-орындағы германиялық Ева Лиспен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Бейжіңдегі турнирдің екінші айналымында кіммен кездесетінін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).