Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің бірінші ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар бес рет кездесіп, төртеуінде А.Соболенко жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина 7:5 есебімен басым түсті.
Екінші сетте қазақстандық теннисші қарқынды одан сайын үдетті – 6:2.
Бір сағат 34 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 12 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді.
Қарсыласы 4 эйс, 1 брейктен аса алған жоқ.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен таласады.
Ол әлемнің 17-ракетасы, латвиялық Елена Остапенконы жолдан тайдырды – 6:3, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасымен ойнайтынын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Недовесов Шанхай мастерс турнирінің екінші айналымына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).